Райымбек ауданында діни қызметкерлердің білімін жетілдіруге арналған оқу-әдістемелік семинар өтті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Райымбек ауданында «Діни қызметкерлердің білімін жетілдіруге арналған оқу-әдістемелік семинар» өтті.
Семинарды Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы, Қапшағай орталық мешітінің наиб имамы Мейрамбек Ақылбекұлы және Алматы облысы Пәтуа бөлімінің жауапты маманы Азамат Дәулетұлы жүргізді. Іс-шараға Райымбек ауданының бас имамы Азамат Бексұлтанұлы семинардың ашылуында сөз сөйлеп, келген қонақтар мен дәріскерлерді таныстырды.
Семинар барысында Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы «Діни қызметтегі жауапкершілік» тақырыбында дәріс оқып, имамның қоғам алдындағы міндеті, қызмет әдебі, жамағатпен қарым-қатынас мәдениеті және діни қызметтің жауапкершілігі жөнінде жан-жақты түсіндірді.
Қапшағай орталық мешітінің наиб имамы Мейрамбек Ақылбекұлы ҚМДБ-ның концептуальды құжаттары бойынша баяндама жасап, олардың мазмұны мен маңызын түсіндірді. Ал Алматы облысы Пәтуа бөлімінің жауапты маманы Азамат Дәулетұлы фиқһ ғылымының өзекті мәселелері бойынша дәріс оқып, шариғи үкімдерді дұрыс қолданудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар имамдардың кәсіби біліктілігін арттыру, уағыз айту мәдениеті, жамағатпен тиімді байланыс орнату және діни-ағартушылық жұмысты жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Семинар соңында қатысушылар пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.


