Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық – 2026» ұлттық мерекесі аталып өтті
Алматы облысы, Кеген ауданының Қарқара жайлауында ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеуге арналған «Қымызмұрындық – 2026» мерекесі кең көлемде ұйымдастырылды.
Ауқымды іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Ерболат Нұрылдаұлы, Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы, Алматы облысы бойынша аудандық бас имамдар мен бағытқа жауапты мамандар, қоғам қайраткерлері, ақсақалдар және еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар қатысты.
Биыл бесінші рет ұйымдастырылған мерекеге 40 мыңға жуық адам жиналып, арнайы 250 қазақ үй тігіліп, қонақтарға 2000 литр қымыз таратылды. Сондай-ақ Мыңжылқы жайлауында 1000 жылқы айдалып өтіп, ұлттық көшпенділер мәдениетінің көрінісі көпшілік назарына ұсынылды.
Мереке барысында Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы жиналған жұртшылыққа тағылымды насихат айтып, ұлттық дәстүр мен ислам құндылықтарының сабақтастығына тоқталды. Сондай-ақ еліміздің амандығы, халқымыздың бірлігі мен берекесі үшін дұға жасады.
Сонымен қатар, қазақтың көреген абызы Әлмерек Жаншықұлының рухына бағышталып, 300-ден астам Құран хатымның сауабы арналды. Ақсақалдар ақ батасын беріп, көпшілікке ізгі тілектерін жеткізді.
Этноауылдар, қолөнер көрмелері, ұлттық спорт жарыстары, ат бәйгесі мен мәдени-рухани бағдарламалар ұйымдастырылған мереке ұлттық мұраны ұлықтап, салт-дәстүрді дәріптеуге және жас ұрпақтың ұлттық рухын нығайтуға бағытталған тағылымды шара ретінде жоғары деңгейде өтті.





