Райымбек ауданында «Саудабай» мешітіне киіз үй уақып етілді
Алматы облысы Райымбек ауданы, Қақпақ ауылындағы «Саудабай» мешітіне жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен қазақтың дәстүрлі киіз үйі уақып етілді.
Игі шараға Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы қатысып, жиналған жамағатқа уақыптың қоғамдағы орны мен сауапты іс екеніне тоқталды. Ол ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, бұл игі бастама ел бірлігі мен рухани сабақтастықты нығайта түсетінін атап өтті.
Уақыпқа берілген киіз үй алдағы уақытта мешіт жанында өтетін рухани кездесулерге, қайырымдылық шараларына, діни-ағартушылық жиындарға және ұлттық дәстүрді насихаттайтын іс-шараларға пайдаланылатын болады.
Шара соңында мешіт ұжымы сауапты іске атсалысқан кәсіпкерлерге алғыс айтып, Алла Тағаладан жасаған қайырымдылықтарын қабыл етіп, береке мен мол ризық нәсіп етуін тіледі.


