Алматы облысында «Отбасы тәрбиесі және адал қоғам» республикалық рухани-танымдық форумы өтті
Алматы облысы Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде «Отбасы тәрбиесі және адал қоғам» атты республикалық рухани-танымдық форум өтті.
Тағылымды жиынның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, қоғамда адалдық пен ізгілік қағидаларын қалыптастыру мәселелерін кеңінен талқылау.
Форумға Алматы облысының Бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы, «Дін мен дәстүр» бөлімінің меңгерушісі Ерболат Нұрылдауылы Жүсіпов, Алматы облыстық «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ерболат Сапарұлы Тұрымбетов, Алматы облысы Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Уәли Қайсар Ержанұлы, Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазыбек Нұрсейітұлы Дәуталиев, қоғам қайраткері, ҚР Білім беру саласының үздігі Қамнұр Тәлімұлы және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиынды Алматы облысының Бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы жүргізіп, форумның маңыздылығына тоқталды. Ол отбасы тәрбиесінің қоғам тұрақтылығы мен ұлт болашағын айқындайтын негізгі құндылықтардың бірі екенін атап өтті.
Спикерлер «Отбасы құндылығы», «Дәстүр және отбасы құндылығы», «Ұлттық құндылықтар мен отбасы институтын нығайту – қоғам тұрақтылығының кепілі», «Отбасы егемендігі – Қазақстан қоғамының фундаменталды құндылығы», сондай-ақ «Адал қоғам қалыптастыруда ата-ананың жауапкершілігі» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасап, қоғамдағы отбасының орны, ұлттық тәрбие, рухани құндылықтар және өскелең ұрпақ тәрбиесі жөнінде маңызды ой-пікірлерімен бөлісті.
Форум соңында қатысушылар рухани тәрбие мен отбасы құндылықтарын насихаттаудың маңыздылығын атап өтіп, мұндай тағылымды кездесулердің қоғамдағы бірлік пен ізгілікті нығайтуға оң ықпал ететінін жеткізді.




