Алматы облыстық Қапшағай мешітінде «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы өтті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Бағдарлық баяндамасы аясында Алматы облысы өкілдігі мен мен «Зекет және қайырымдылық қорының» ұйымдастыруымен дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы өтті.
Игі бастама аясында Алматы облыстық Қапшағай мешітінде 200 балаға мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құралдары табысталды.
Қайырымдылық шарасында Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы ата-аналар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Балаларға білім жолында талапты әрі табысты болуды тілеп, ақ батасын берді.
Сондай-ақ бас имам игі шараның жүзеге асуына қолдау білдірген мешіт жамағатына алғысын айтып, жасаған қайырымдылықтары қабыл болып, еңбектеріне береке тілейтінін жеткізді.
«Мектепке жол» шарасы – балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамдағы өзара көмек пен жанашырлықтың маңызын арттыратын игі бастамалардың бірі. Қайырымдылық шарасы аясында табысталған мектеп құралдары оқушылардың жаңа оқу жылын жақсы көңіл күймен бастауына септігін тигізді.


