preloader

Жаңалықтар

ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА «ДӘСТҮР ЖӘНЕ КЕҢЕС БЕРУ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА «ДӘСТҮР ЖӘНЕ КЕҢЕС БЕРУ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлының Еңбекшіқазақ ауданына жасаған іссапары барысында «Дәстүр және кеңес беру» орталығының ашылу рәсімі өтті.

Жаңа орталықтың ашылуына Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы қатысып, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Шара барысында қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері кеңінен насихатталып, дәстүрлі жөн-жоралғылар көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық құндылықтар мен ислам тағылымдарының сабақтастығына мән беріліп, ұрпақ тәрбиесіндегі салт-дәстүрдің маңызы сөз болды.

Сонымен қатар ауданның ақсақалдары мен әжелері, ел ағалары және мешіт жамағатының қатысуымен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Жиында үлкендердің өмірлік тәжірибесі мен өнегесінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны, отбасылық құндылықтар және ұлттық тәрбие мәселелері талқыланды.

Бас имам Мадияр қажы Тағайбайұлы өз сөзінде ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл құндылықтарының бірі екенін атап өтті.

«Дәстүр және кеңес беру» орталығы алдағы уақытта ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы мәселелері бойынша кеңес беру, жастарға бағыт-бағдар ұсыну және аға буын мен жас ұрпақ арасындағы байланысты нығайту бағытында қызмет атқаратын болады.