ТАЛҒАР АУДАНЫНДА МӘУЛІТ АЙЫНА ОРАЙ РУХАНИ ШАРА ӨТТІ
ҚМДБ-ның «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Алматы облысы өкілдігіне қарасты Талғар ауданы, Панфилов ауылындағы «Зәм-Зәм» мешітінде «Мәуліт айы мүбарак болсын» тақырыбында рухани-танымдық шара өтті.
Игі жиынға Талғар ауданының имамдары мен мешіт жамағаты қатысты. Шараны «Зәм-Зәм» мешітінің имамы Азамат Бухарбеков жүргізді.
Жиында Талғар ауданының бас имамы Ринат Маратұлы сөз алып, жамағатты Мәуліт айының басталуымен құттықтады. Сондай-ақ Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен көркем мінезі жайында тағылымды уағыз-насихат айтты.
Шара барысында Қари Нығмет Қайырбек әсем әуезбен Мәуліт оқып, жамағатқа рухани әсер сыйлады. Сонымен қатар арнайы шақырылған ақын, ақсақал Камнұр Тәлімұлы өнегелі өсиет айтып, көпшілікке тағылымды ойларын жеткізді.
Бұдан кейін Құран аяттары оқылып, Талғар ауданының бас имамы Ринат Маратұлы дұға жасады. Жиын соңында жамағатқа дастархан жайылып, ас беріліп, Құран хатымы жасалды.
Шара барысында келген қонақтарға қазақы дәстүрге сай құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жабылды.


