preloader

Жаңалықтар

«Адал ас, адал еңбек, адал қоғам – рухани байлықтың негізі»

«Адал ас, адал еңбек, адал қоғам – рухани байлықтың негізі»

ҚМДБ-ның Жастар ісі секторының 2026 жылға арналған жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, жастарға рухани тәрбие беруге бағытталған кездесу өтті.

«Адал ас, адал еңбек, адал қоғам – рухани байлықтың негізі» тақырыбында өткен рухани кездесуде жастарды адал еңбек етуге, кәсіби тұрғыдан дамуға, ізденуге және қоғамға пайдалы мұсылман болуға үндейтін тағылымды әңгімелер айтылды.

Кездесу барысында адалдықтың адам өміріндегі маңызына тоқталып, маңдай термен келген адал ризықтың қадірі мен еңбектің берекесі кеңінен түсіндірілді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) сүннетін берік ұстанып, көркем мінез бен ізгі қасиеттерді бойға сіңірудің маңызы атап өтілді.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халқымыздың даналық сөзі жастарды маңдай термен еңбек етуге шақырса, «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақал аға буынның кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетудегі жауапкершілігін айқындайды.

Аға буынның міндеті – жас ұрпаққа адалдықты, еңбекқорлықты, жауапкершілікті және көркем мінезді насихаттап, дұрыс бағыт-бағдар беру болса, жастардың міндеті – осы тағылымды бойына сіңіріп, білім мен еңбекті қатар алып, ел игілігіне қызмет ету.

Рухани кездесудің негізгі мақсаты – ұлттық және діни құндылықтарды сабақтастыра отырып, жастардың бойында адал еңбекке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру және қоғамға пайдалы, жауапты әрі парасатты азамат болуға ынталандыру.

Жастар – елдің ертеңі. Қазақ даласындай кең пейілді, адал еңбекті ту еткен, білімді де білікті азаматтардың қатары көбейе бергей!