preloader

Жаңалықтар

ІЛЕ АУДАНЫНДА МӘУЛІТ АЙЫНА АРНАЛҒАН РУХАНИ КЕШ ӨТТІ

ІЛЕ АУДАНЫНДА МӘУЛІТ АЙЫНА АРНАЛҒАН РУХАНИ КЕШ ӨТТІ

Алматы облысы Іле ауданында Мәуліт айының құрметіне орай Өтеген Батыр ауылындағы «Сабденұлы Өтеген батыр» мешіті мен Байсерке ауылындағы «Хайыр-Ихсан» мешітінің шәкірттері арасында тағылымды рухани кеш өтті.

Рухани басқосу қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, ұстаздардың ғибратты насихаттарымен жалғасты. Кеш барысында ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мадақтар айтылып, Мәуліт оқылды. Сондай-ақ жиналған қауымға Алла Елшісінің өнегелі ғұмыры, көркем мінезі, адамзатқа жеткізген асыл құндылықтары мен үмбетіне қалдырған өсиеттері жайында тағылымды насихат айтылды.

Рухани кешке арнайы қонақ ретінде Алматы қаласының ұстазы Гүлмира Ілесбай және Алматы облысының бас ұстазы Назерке Әкішқызы қатысып, шәкірттерге ізгі тілектерін білдірді.

Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – Құран әліппесін тәмамдап, қасиетті Құранды оқуға қадам басқан шәкірттерге арнайы сертификаттардың табысталуы болды. Екі мешіттен жалпы саны 47 шәкірт Құран әліппесін аяқтап, сертификат иеленді. Бұл шәкірттердің діни білім жолындағы ізденісін ынталандырып, Құран ілімін одан әрі терең меңгеруіне серпін беретін маңызды қадам болды.

Кеш соңында «Хайыр-Ихсан» мешітінің бас имамы Ерқанат Серікұлы сөз сөйлеп, рухани басқосуға арнайы келген қонақтар мен ұстаздарға алғысын білдірді. Сондай-ақ Құран әліппесін тәмамдаған шәкірттерді құттықтап, алдағы білім жолына сәттілік тіледі.