preloader

Жаңалықтар

Қайназар ауылындағы «Атамекен» мешітінде Мәуліт кеші өтті

Қайназар ауылындағы «Атамекен» мешітінде Мәуліт кеші өтті

Алматы облысы, Жамбыл ауданының бас имамы Бақыт Әбдіислаұлының бастамасымен Қайназар ауылындағы «Атамекен» мешітінде Мәуліт кеші ұйымдастырылды. Ізгі шараға Жамбыл ауданына қарасты мешіттердің жамағаттары қатысып, рухани бас қосты. Мәуліт кешінің негізгі мақсаты – ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ өнегелі өмірі мен көркем мінезін насихаттап, мұсылман қауымының рухани бірлігін нығайту. Кеш барысында жамағатқа ақ дастархан жайылып, игі ниетпен дұға жасалды. Дастархан басында ауданның ақсақалдары ақ батасын беріп, ел-жұрттың амандығы мен берекесін тілеп, ізгі тілектерін жеткізді.

Сонымен қатар «Атамекен» мешітінің имамы Қасымқан Құрманбек хатым Құран дұғасын жасап, Мәуліт жырын оқыды. Жиналған жамағат рухани тағылымға толы насихаттарды тыңдап, Пайғамбарымыздың ﷺ өнегелі өмірінен ғибрат алды.

Мәуліт кешінің маңызды бөліктерінің бірі – мешіт жамағаттары арасында Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ өмірбаянына арналған білім сайысы болды.

Сайыс барысында қатысушыларға ардақты Елшінің ﷺ өмір жолы, көркем мінезі, отбасы, сахабалары және ислам дінінің таралу тарихына қатысты сұрақтар қойылды. Жамағаттар өздерінің діни білімдері мен ізденістерін ортаға салып, білім сайысы тартысты әрі қызықты өтті.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

🥇 1-орын – Қайназар ауылы «Атамекен» мешітінің жамағатынан құралған «Жаншуақ» тобы – 20 000 теңге;

🥈 2-орын – Жаңақұрылыс ауылы «Айқым ата» мешітінің жамағаты – 15 000 теңге;

🥉 3-орын – Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінің жамағаты – 10 000 теңге;

4-орын – Балғабек Қыдырбекұлы ауылдық «Естайұлы Байжұма» мешітінің жамағаты – 7 000 теңге.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталып, қатысушыларға ризашылық білдірілді.

Мәуліт кеші тағылымды насихатқа, рухани әңгімеге және өзара сыйластыққа ұласып, жамағаттың ауызбіршілігін арттырған мәнді басқосуға айналды.