АЛАТАУДА УАҚЫП ҚЫЗМЕТІН ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Алматы облысы, Алатау қаласында дін қызметкерлерінің қатысуымен уақып қызметін дамытуға арналған семинар өтті. Жиынға Алатау қаласының бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы қатысты.
Семинарды Уақып корпоративтік қайырымдылық қорының Алматы облысы бойынша жауапты маманы Нұртай Абдрахманұлы Иманберлинов жүргізді.
Іс-шара барысында уақыптың ислам дініндегі орны мен маңызы, оның қоғамның әлеуметтік және рухани дамуына қосатын үлесі кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ мешіттердегі уақып қызметін жүйелі түрде дамыту, уақып мүлкін тиімді пайдалану және қайырымдылық жобаларын тұрақты түрде жүзеге асыру мәселелері сөз болды.
Нұртай Абдрахманұлы дін қызметкерлеріне уақып мәдениетін қалыптастырудың маңызын түсіндіріп, халық арасында уақыптың мәні мен артықшылықтарын кеңінен насихаттау қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар уақып бағытындағы жұмыстарды жандандыруға қатысты нақты ұсыныстарын жеткізді.
Өз кезегінде Қуаныш Жұмаханұлы уақып қызметінің мешіттердің тұрақты дамуы мен қайырымдылық жұмыстарын жүйелеудегі маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтудің қажеттігіне тоқталды.
Семинар соңында дін қызметкерлері уақып қызметіне қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Айта кетейік, семинардың негізгі мақсаты – дін қызметкерлерінің уақып саласындағы білімін жетілдіру, мешіттердегі уақып жұмысын жандандыру және қайырымдылық мәдениетін дамыту.


