ҚҰРАН ЖОЛЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІК: АМАНТАЙ МҰХАММАД ЮСУФҚА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Қасиетті жұма күні Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінде XV Республикалық Құран жарысында 10 пара бойынша І орын иегері атанған Амантай Мұхаммад Юсуфқа жамағат алдында құрмет көрсетілді.
Алматы облысының атынан республикалық додаға қатысып, жүлделі орын иеленген қариды облыстың бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы арнайы құттықтап, Құран жолындағы ізденісі мен жетістігіне жоғары бағасын берді.
Бас имам жамағат алдында қасиетті Құранды жаттау, оны көркем оқу және кейінгі ұрпаққа үйретудің сауабы мен жауапкершілігіне тоқталып, Амантай Мұхаммад Юсуфтың республикалық деңгейдегі жетістігі Алматы облысы үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.
Осы орайда жеңімпаздың әкесі Нұрасыл Амантайұлы да ортаға шақырылып, перзентінің жетістігіне орай қазақы дәстүрмен иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, XV Республикалық Құран жарысында Амантай Мұхаммад Юсуф Алматы облысының атынан қатысып, 10 параны жатқа оқу бағыты бойынша І орынды иеленген болатын.

