АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: «БЕРЕКЕЛІ ШАҢЫРАҚ – АДАЛ ҚОҒАМ НЕГІЗІ» АТТЫ РУХАНИ-ТАҒЫЛЫМДЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ
Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінде «Берекелі шаңырақ – адал қоғам негізі» тақырыбында рухани-тағылымдық семинар ұйымдастырылды.
Тағылымды басқосуға «Аталар мектебі» мен «Әжелер мектебінің» өкілдері, мешіт жамағаты, биыл мешітте некесін қиған жас жұбайлар, сондай-ақ мешіт шәкірттері қатысты. Семинардың негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, жас отбасыларға рухани бағыт-бағдар беру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және берекелі шаңырақтың адал қоғам қалыптастырудағы маңызын түсіндіру. Жиынды Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы Мейрамбек Абдрахманов ашып, тақырып аясында насихат жүргізді. Наиб имам Исламдағы отбасының орны, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген жауапкершілігі, өзара сыйластық пен түсіністіктің маңызына тоқталды. Сондай-ақ отбасындағы дұрыс тәрбие мен адалдықтың қоғамның рухани тұтастығына тікелей ықпал ететінін атап өтті.
Бұдан кейін сөз алған Қонаев қалаcы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытбек Мұзаммедиұлы өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарды үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, шаңырақтың ынтымағын сақтап, қоғамға үлгі болатын берекелі отбасы құруға шақырды.
Келесі кезекте Қонаев қаласы Аналар кеңесінің төрайымы Дәметкен Таласбекқызы сөз сөйлеп, отбасындағы ананың орны, бала тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара құрмет пен отбасылық дәстүрлерді сақтаудың маңызы жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті.
Семинар соңында Мейрамбек Абдрахманов айтылған ойларды қорытындылап, қатысушыларға отбасы беріктігі мен шаңырақтың берекесін сақтауға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Рухани-тағылымдық шараның соңында мешіт тарапынан қатысушыларға «Әжемнің айтқаны» атты кітап сыйға тартылды.


