ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА МӘУЛІТ АЙЫНА ОРАЙ РУХАНИ КЕШ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Алматы облысы Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінің ұйымдастыруымен қасиетті Мәуліт айына орай тағылымы мол рухани кеш өтті. Жамбыл ауданының бас имамы Бақыт Әбдіисламұлының бастамасымен ұйымдастырылған берекелі шараға мешіт ақсақалдары, аудан мешіттерінің жамағаты мен ауыл тұрғындары арнайы қатысты. Жамағатқа ақ дастархан жайылып, рухани кеш қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталды.
Кеш барысында Қасымбек ауылдық мешітінің имамы Қадайұлы Әділ Мәуліт шәріп оқып, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке [с.а.с.] салауаттар айтылды.
Жамбыл ауданының бас имамы Бақыт Әбдіисламұлы жамағатқа Мәуліт айының мәні мен маңызы туралы уағыз-насихат айтып, Пайғамбарымыздың [с.а.с.] сүннетін ұстану, көркем мінезін өмірде үлгі ету және мұсылманның ізгі қасиеттерін дәріптеу жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті.
Рухани кеш аясында Пайғамбарымыздың ﷺ өмір жолын, өнегесі мен сүннетін кеңінен насихаттау мақсатында сира ілімі бойынша білім сайысы ұйымдастырылып, сұрақ-жауап бөлімі өткізілді. Жамағат мүшелері Алла Елшісінің [с.а.с.] өмірбаянына қатысты сауалдарға жауап беріп, білімдерін сынға салды.
Сайыс қорытындысы бойынша:
І орын — Ұзыныш-2 мешітінің жамағат мүшесі Абдуррахман Икрамбек;
ІІ орын — «Шынасыл» мешітінің жамағат мүшесі Ғафурулла Шалқар;
ІІІ орын — «Шынасыл» мешітінің жамағат мүшесі Абдулла Мақсат.
Жүлделі орын иелеріне бағалы сыйлықтар табысталып, білім сайысына белсенді қатысқан өзге жамағат мүшелеріне арнайы сертификаттар берілді.
Ұлттық өнер мен рухани мазмұн астасқан кеш барысында жамағатқа арнайы әзірленген «Пайғамбар дастарханы» атты кітапша мен ас мәзірлері таратылып, келген қонақтарға естелік сыйлықтар ұсынылды. Сондай-ақ мешітке келген бүлдіршіндерге Мәуліт тәттілері үлестіріліп, балаларға қуаныш сыйлады.
.

