preloader

Жаңалықтар

БАЛҚАШ АУДАНЫНДА ИМАМДАРҒА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ СЕМИНАР ЖӘНЕ «ПӘТУА САҒАТЫ» ӨТТІ

БАЛҚАШ АУДАНЫНДА ИМАМДАРҒА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ СЕМИНАР ЖӘНЕ «ПӘТУА САҒАТЫ» ӨТТІ

Алматы облысы Балқаш ауданында ауыл имамдарының діни білімі мен кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында «Уағыз-насихат айтудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында тағылымды семинар және арнайы «Пәтуа сағаты»ұйымдастырылды.

Балатопар ауылында өткен басқосуға Балқаш ауданының бас имамы Нұрдәулет Тоқанұлы және ауданға қарасты ауыл мешіттерінің имамдары қатысты.

Семинар барысында Нұрдәулет ұстаз дін насихатының жауапкершілігіне, уағызды көркем әрі әсерлі жеткізудің маңызына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ уағыз мазмұнын Құран аяттары, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистері және халық даналығымен сабақтастыра отырып жеткізу жолдарын түсіндірді. Жамағаттың жас ерекшелігі мен діни сауат деңгейін ескеріп, Ислам құндылықтарын түсінікті тілмен насихаттаудың тиімді әдістері мен уағыз айтудағы негізгі қағидалар сөз болды.

Жиынның келесі бөлімінде аудан дін қызметкерлеріне арналған «Пәтуа сағаты» өткізілді. Кездесуді Балқаш ауданы бойынша «Пәтуа сағатына» жауапты маман Азат Досымбаев жүргізді.

«Пәтуа сағаты» барысында имамдардың күнделікті діни қызметінде кездесетін өзекті мәселелер қарастырылып, пәтуаларға қатысты шариғи негіздер мен оларды жамағатқа дұрыс түсіндіру жолдары талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріліп, діни мәселелерде бірізділікті сақтау, жамағатпен тиімді жұмыс жүргізу және халықтың діни сауаттылығын арттыру бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Тағылымды басқосу ауыл имамдарының уағыз-насихат бағытындағы тәжірибесін жетілдіруге, пәтуа мәселелері бойынша білімін толықтыруға және халыққа сапалы әрі жүйелі діни қызмет көрсетуге бағытталды.

Осындай семинарлар дін қызметкерлері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, олардың кәсіби біліктілігі мен рухани ізденісін арттыруға септігін тигізеді.