АЛАТАУДА ВЕЛОПАРКИНГ УАҚЫП ЕТІЛДІ
Алматы облысы, Алатау қаласында мешіт жамағатына қолайлы жағдай жасау мақсатында велопаркинг уақып етіліп, пайдалануға берілді.
Игі шараға Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы арнайы қатысып, бастаманың маңыздылығына тоқталды.
Велопаркинг Алатау қалалық «Қожа Ахмет Ясауи» мешітінің аумағында орналастырылды. Арнайы жабдықталған тұрақ мешітке велосипедпен келетін жамағаттың көлігін қауіпсіз әрі ретімен орналастыруына мүмкіндік береді.
Мадияр қажы Тағайбайұлы өз сөзінде уақыптың Исламдағы орнына тоқталып, халық игілігіне бағытталған әрбір қайырымды істің қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ мешіттердің материалдық жағдайын жақсартумен қатар, жамағатқа қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған осындай бастамалардың мәні ерекше екенін жеткізді.
Уақып – Ислам өркениетінде ғасырлар бойы қалыптасқан қайырымдылық институттарының бірі. Уақып арқылы мешіттер, медреселер, жолдар, су көздері және әлеуметтік нысандар салынған. Бүгінде бұл ізгі дәстүр елімізде де жаңғырып, қоғам қажетіне бағытталған түрлі жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік беріп келеді.
Алатау қаласында уақып мәдениетін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бір көрінісі ретінде мешіт жамағатының күнделікті қажеттілігін ескеріп, велопаркингтің уақып етілуін атап өтуге болады.
Жаңа нысан әсіресе мешітке велосипедпен қатынайтын жастар мен жамағат үшін қолайлы болмақ. Сонымен қатар арнайы тұрақтың болуы мешіт аумағында тазалық пен тәртіпті сақтауға, келушілерге жайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Айта кетейік, уақып – бір адамның игілігімен шектелмей, қоғамға ортақ пайда әкелетін сауапты амал. Сондықтан жамағат қажетіне жарайтын әрбір нысанның уақып етілуі – қайырымдылық мәдениетін дамытудың нақты үлгісі.
Алатау қаласында мешіт инфрақұрылымын жетілдіру және жамағатқа қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.


