БАС ИМАМ ТАЛҒАР АУДАНЫНДАҒЫ МЕШІТТЕРДІҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСТЫ
Алматы облысының бас имамы Пірімқұлов Мадияр Тағайбайұлы Талғар ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, ауданға қарасты мешіттердің тыныс-тіршілігімен танысты.
Жұмыс сапары барысында бас имам мешіттердегі діни ахуалды зерделеп, дін қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстарын саралады. Сонымен қатар жаңадан бой көтеріп жатқан мешіттердің құрылыс барысын аралап, құрылысқа жауапты азаматтармен кездесті. Нысандардың мемлекеттік талаптар мен ҚМДБ-ның мешіт құрылысына қатысты белгіленген талаптарына сай жүргізілуіне байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Іссапар аясында Мадияр қажы Тағайбайұлы Талғар аудандық «Әбу Бәкір ас-Сыддық» мешіті, «Рахымберген қажы» мешіті, «Дейілді ана» мешіті, «Тұздыбастау» ауылдық мешіті, Қызыл-Қайрат ауылдық мешіті, сондай-ақ мешіттер жанындағы діни сауат ашу орталығының жұмысымен танысты.
Облыстың бас имамы мешіттердің сыртқы және ішкі тазалығына да ерекше мән беріп, құлшылық үйлерінің көркі мен тазалығы жамағатқа рухани тәрбие берудің бір көрінісі екенін атап өтті.
Осыған байланысты «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Талғар ауданындағы барлық мешіт аулаларында тазалық және абаттандыру жұмыстарын ұйымдастырып, оларды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
Мадияр қажы Тағайбайұлы мешіттердің тек құлшылық орны ғана емес, қоғамның рухани тәрбиесі мен ізгілік құндылықтары қалыптасатын маңызды орталық екенін атап өтіп, дін қызметкерлерін жауапкершілікпен қызмет етуге, тазалықты сақтауға және мешіттердің көркеюіне үлес қосуға шақырды.


