АЛАТАУ ҚАЛАСЫНДА ҮШІНШІ ҚҰДЫҚ УАҚЫП ЕТІЛДІ
Алматы облысының Алатау қаласында халық игілігіне бағытталған қайырлы бастама жалғасын тапты. Қала аумағында үшінші құдық уақып етіліп, ел игілігіне қызмет етуге берілді. Игі шараға Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы қатысып, уақып құдығының иесі Сүлейманов Ханали Пашаевичке уақып тақтайшасын табыс етті.
Уақып тақтайшасын табыстау барысында бұл бастаманың ел игілігіне бағытталған сауапты амал екені атап өтілді. Халықтың күнделікті қажетіне жарайтын ауызсу көзін уақып ету – қайырымдылықтың нақты көріністерінің бірі.
Ауызсу – адам өміріндегі ең маңызды қажеттіліктердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, тұрғындардың суға деген қажеттілігін өтеуге бағытталған мұндай жобалардың әлеуметтік маңызы ерекше. Уақып етілген құдықты пайдаланған әрбір адамның игілігіне себеп болу – бұл істің сауапты сипатын арттыра түседі.
Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы уақып жасаудың қоғамдағы маңызына тоқталып, халыққа пайдасы тиетін қайырлы істердің жалғаса беруіне тілектестік білдірді.
Алатау қаласында уақып бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұған дейін де қала аумағында екі құдық уақып етіліп, тұрғындардың пайдалануына берілген болатын. Осы жолғы жоба – қаладағы үшінші уақып құдығы.
Уақып арқылы елдің ортақ қажетіне жарайтын нысандарды көбейту – қайырымдылықты нақты іспен ұштастырудың бір жолы. Мұндай бастамалар халықты өзара көмекке, жомарттыққа және қоғам игілігіне қызмет етуге үндейді.
Айта кетейік, уақып мәдениетін дамыту бағытындағы жұмыстар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қайырымдылық саласындағы маңызды бастамаларының бірі саналады. Алатау қаласында жүзеге асырылып жатқан осындай жобалар да осы бағыттағы жұмыстардың жергілікті деңгейдегі көрінісі болып отыр.
Алла Тағала осы қайырлы іске себепші болған азаматтардың ниетін қабыл етіп, уақыптың ел игілігіне қызмет етуін нәсіп етсін!


