preloader

Жаңалықтар

«Таза Қазақстан»: Талғар ауданы мешіттерінде тазалық жұмыстары жүргізілді

«Таза Қазақстан»: Талғар ауданы мешіттерінде тазалық жұмыстары жүргізілді

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Алматы облысы, Талғар ауданындағы мешіттерде тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Іс-шара Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Ауданға қарасты 35 мешіттің аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, мешіт аулалары мен оған іргелес аумақтар ретке келтірілді.

Игі іске мешіт қызметкерлері, жамағат мүшелері және еріктілер белсене қатысып, айналаны қоқыстан тазарту, абаттандыру және көркейту жұмыстарын атқарды. Тазалық – мұсылманның көркем мінезі мен мәдениетінің көрінісі. Қоршаған ортаны таза ұстау, қоғамдық орындарды күтіп-баптау – баршаға ортақ жауапкершілік.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы бұл бастама мешіт аумағын таза әрі көрікті ұстаумен қатар, жамағат арасында тазалыққа, ұқыптылыққа және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.