ТАЛҒАР АУДАНЫ: ҚҰРАНДЫ ТОЛЫҚ ЖАТТАҒАН ҮШ ШӘКІРТКЕ СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ
Талғарда үш шәкірт Құран Кәрімді толық жаттап, қарилық сертификатқа ие болды
ҚМДБ-ның Алматы облысы бойынша өкілдігінің Құран секторы бағытындағы жүйелі жұмыстары аясында Талғар ауданындағы «Қызыл-Қайрат» мешіті жанындағы сауат ашу курсында білім алып жүрген үш шәкірт Құран Кәрімді толық жаттап, қарилық деңгейін растады. Арнайы ұйымдастырылған шара барысында шәкірттер Құран Кәрімнің соңғы сүрелерін жатқа оқып, ұстаздарына толықтай тапсырып, өздерінің бірнеше жылдық еңбегінің жемісін көрсетті. Үш шәкіртке ҚМДБ тарапынан берілген арнайы сертификат табысталды. Іс-шараға Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы қатысып, шәкірттерді Құранды толық жаттағандарымен құттықтады. Бас имам ақ батасын беріп, қасиетті Құранды жүректеріне орнықтырып қана қоймай, жаттаған аяттарына амал етіп, Құран құндылықтарын өмірлеріне өнеге етуін тіледі.
Сонымен қатар Мадияр қажы Тағайбайұлы шәкірттердің ынтасын арттырып, білімге деген талпынысын қолдау мақсатында үш қариге 30 000 теңгелік қаржылай сыйлық сертификатын табыстады.
Алдағы уақытта да Құран жаттауға ниетті шәкірттерді қолдау, олардың діни білімін жетілдіру және Құранмен тұрақты байланысын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.


