«АТАЛАР МЕКТЕБІ» АЯСЫНДА РУХАНИ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Алматы облысы Талғар ауданы Туғанбай ауылындағы мешітте Қарттар күні қарсаңында «Аталар мектебі» тағылымды кездесу өтті. Жиынға Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы мен ауылдың ардақты ақсақалдары қатысты. Басқосу барысында «Ислам және адал қоғам» тақырыбында келелі әңгіме өрбіп, дін мен дәстүр сабақтастығы, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақ тәрбиесі және қоғамдағы ақсақалдар институтының маңызы сөз болды.
Кездесу барысында облыстың бас имамы қарияларға құрмет көрсетіп, олардың елдің рухани өміріндегі орнына тоқталды.
«Дін мен дәстүрді ұштастырып, кейінгі буынға өнегелі тәрбие беру – баршамызға ортақ міндет. Осы ретте ақсақалдардың өмірлік тәжірибесі мен баталы сөзі, ақыл-кеңесі жас ұрпақ үшін үлкен мектеп. Қариялардың өнегесі – ел бірлігін бекемдеп, қоғамдағы ізгілік құндылықтарын орнықтыруға ықпал ететін рухани күш», – деді Мадияр қажы Тағайбайұлы. Сондай-ақ Қарттар күні қарсаңындағы кездесуде облыстың бас имамы ауыл ақсақалдарына «MUFTYAT баспасынан» жарық көрген «Бабалар ізімен», «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітаптары мен Құран Кәрімді сыйға тартты. Жиын соңында ауыл ақсақалдары ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілеп, ақ батасын берді. Тағылымды басқосу өзара сыйластық пен ұрпақ сабақтастығын нығайтып, қариялардың қоғамдағы өнегелі рөлін айқындай түсті.



