ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ МЕН РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ДӘРІПТЕГЕН ШАРАЛАР ӨТТІ
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған бірқатар тағылымды шара ұйымдастырылды.
Соның бірі – «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты семинар. Тағылымды басқосуда қыз баланың отбасындағы және қоғамдағы орны, ұлттық тәрбие, әдеп пен ибалық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді құндылықтар кеңінен насихатталды. Қатысушыларға қыз тәрбиесінің тұтас ұлт тәрбиесімен сабақтас екені айтылып, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие берудің маңызы түсіндірілді. Семинардан кейін рухани басқосу жалғасып, Мәуліт Шәріп оқылды. Жиынға арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатысып, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ өнегелі өмірі мен көркем мінезі дәріптелді. Шара соңында 97 жастағы Жұмакүл Қари апа жиналған қауымға ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді.
Сондай-ақ Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Әжелер мектебі» атты тағы бір тағылымды шара өтті. Басқосу барысында халқымыздың салт-дәстүрі мен отбасылық құндылықтарына қатысты үгіт-насихат айтылып, ұлттық тәрбиенің мән-маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар қазақы дәстүрлерді танытатын арнайы көріністер көрсетіліп, олардың кейінгі ұрпақ тәрбиесіндегі орны насихатталды.



