БАЛҚАШ АУДАНЫНДА «УАҒЫЗ АЙТУ ӘДЕБІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Алматы облысы Балқаш ауданына қарасты Балатопар ауылдық мешітінде «Уағыз айту әдебі» тақырыбында дін қызметкерлеріне арналған тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Жиынға ауданға қарасты мешіттердің имамдары мен дін қызметкерлері қатысып, жамағатқа уағыз-насихат айтудың әдебі мен жауапкершілігі, діни насихатты дұрыс әрі әсерлі жеткізудің маңызы талқыланды. Кездесудің негізгі мақсаты – дін қызметкерлерінің уағыз айту мәдениетін жетілдіру, насихат барысында даналық пен көркем мінезді басшылыққа алу, тыңдаушының жағдайы мен ортаның ерекшелігін ескере отырып, діннің асыл құндылықтарын дұрыс жеткізу. Іс-шара барысында Алматы облыстық «Қапшағай» орталық мешітінің наиб имамы Мейрамбек Ақылбекұлыбаяндама жасап, уағызшыға жүктелетін жауапкершілік пен насихат жүргізудің негізгі қағидаларына кеңінен тоқталды. Баяндамада уағыздың мазмұнды, жүйелі әрі көпшілікке түсінікті болуы, Құран аяттары мен хадистерді орынды қолдану, жамағаттың деңгейі мен ерекшелігін ескеру және діни мәселелерді жеткізуде байыптылық таныту қажеттігі айтылды.


