ІЛЕ АУДАНЫНДА «ДІН МЕН ДӘСТҮР – ЕГІЗ ҰҒЫМ» АТТЫ БІЛІМ САЙЫСЫ ӨТТІ
Алматы облысы Іле ауданына қарасты «Арын қажы» мешітінде әйел-қыздар арасында «Дін мен дәстүр – егіз ұғым» атты танымдық білім сайысы ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты – асыл дініміздің құндылықтарын насихаттау, халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлері мен діни танымының сабақтастығын дәріптеу, сондай-ақ қыз-келіншектердің діни сауаттылығын арттырып, отбасы тәрбиесіндегі маңызды рөлін айқындау. Тағылымды сайысқа 40-қа жуық қатысушы қатысты. Білім сайысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жарық көрген «Дін мен дәстүр» еңбегінің үш томы негізінде өткізілді. Қатысушылар шариғат негіздері, фиқһ, әдеп, ұлттық салт-дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарға қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдері мен дайындықтарын ортаға салды. Тартысты өткен сайыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен үш жеңімпаз анықталып, оларға арнайы сертификаттар табысталды.
Шара соңында «Арын қажы» мешітінің ұстазы, Іле ауданы бойынша әйел-қыздар секторының жетекшісі Айсұлу Амангелдіқызы Зейнелханова қатысушыларға алғысын білдіріп, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ мұндай танымдық шаралардың алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылатынын атап өтті.


