Қарасай және Талғар аудандарының бас имамдары алғыс хатпен марапатталды
Алматы облысы, Қарасай ауданының бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы мен Талғар ауданының бас имамы Ринат Маратұлы қоғамдағы рухани келісім мен татулықты нығайтуға қосқан үлестері үшін алғыс хатпен марапатталды.
Марапат Рухани келісім күніне орай табысталды. Алматы облысының Дін істері басқармасының басшысы Ерғали Көшеке дін қызметкерлеріне қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністікті нығайтуға, ізгілік пен адамгершілік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған еңбектері үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар, Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлының бастамасымен өңір мешіттерінде қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты сақтауға, дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, дін қызметкерлерінің мемлекеттік мекемелермен және қоғамдық ұйымдармен өзара ынтымақтастығын арттыру, жастар арасында отансүйгіштік пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру, қоғамда өзара құрмет пен түсіністікті дәріптеу бағытында кездесулер, рухани-танымдық іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Алғыс хатта ел ішіндегі татулық пен бейбітшілікті сақтауға, қоғамдағы ізгілік пен адамгершілік құндылықтарын насихаттауға қосқан үлестері ерекше атап өтілген.
Бұл марапат – дін қызметкерлерінің қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, рухани құндылықтарды дәріптеуге және ел бірлігін нығайтуға бағытталған қызметіне көрсетілген құрметтің белгісі.
Алла Тағала ел игілігі жолындағы еңбектеріне береке беріп, қызметтеріне табыс нәсіп етсін!


