preloader

Жаңалықтар

ІЛЕ АУДАНЫНДА МЕШІТ ЖОЛЫ ЖАСАЛЫП, КӨЛІК ТҰРАҒЫ УАҚЫП ЕТІЛДІ

ІЛЕ АУДАНЫНДА МЕШІТ ЖОЛЫ ЖАСАЛЫП, КӨЛІК ТҰРАҒЫ УАҚЫП ЕТІЛДІ

Алматы облысы Іле ауданы Жәпек батыр ауылындағы «Маметалы» мешітінің аумағында қайырымды азаматтардың қолдауымен ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, мешітке арналған көлік тұрағы уақып етілді.

Игі бастама аясында мешіт аумағындағы 2000 шаршы метрге жуық жерге 250 тонна асфальт төселіп, кіреберіс жолы ретке келтірілді. Сонымен қатар 70-ке жуық автокөлікке арналған тұрақ жасалып, жамағат игілігіне берілді. Аталған қайырымдылық шарасына Алматы облысы бойынша «Уақып» қорының жауапты өкілі Нұртай Абдрахманұлы қатысты. Ол мешіттің инфрақұрылымын жақсартуға демеушілік көрсеткен «АБЗ БАКАД» ЖШС зауытының басшысы Рамзан Алауденұлына арнайы уақып тақтайшасын табыстап, қор атынан алғыс хат ұсынды. Өз кезегінде Рамзан Алауденұлы «Уақып» қорының өкілі Нұртай Абдрахманұлына және «Маметалы» мешітінің имамы Темірбек Пернебекұлына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да ел игілігіне бағытталған қайырымдылық бастамаларға қолдау көрсетуге ниетті екенін жеткізді. Аталған игі іс мешітке келуші жамағатқа қолайлы жағдай жасауға, көлік қозғалысын реттеуге және мешіт аумағын абаттандыруға бағытталған. Уақып ретінде жасалған мұндай қайырымдылық істер қоғам игілігіне ұзақ уақыт қызмет етіп, ізгілік пен жомарттықтың үлгісіне айналады.

Алла Тағала уақып жасаған қайырымды азаматтардың игі амалдарын қабыл етіп, кәсіптеріне береке, отбасыларына амандық нәсіп етсін!