preloader

Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКЕН «МАМЕТАЛЫ» МЕШІТІ ҚАЙТА АШЫЛДЫ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКЕН «МАМЕТАЛЫ» МЕШІТІ ҚАЙТА АШЫЛДЫ

Алматы облысы, Іле ауданы, Жәпек батыр ауылындағы «Маметалы» мешіті жомарт жандардың қолдауымен кеңейтіліп, ресми түрде қайта ашылды. Жаңарған құлшылық ордасы енді бір мезетте 500 адамға дейін қабылдай алады. Салтанатты шараға Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын мешіттің қайта ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ мешіт құрылысына атсалысқан азаматтарға алғыс хаттар табыс етті. Құрылыс жұмыстарына белсене араласып, көпке үлгі болған ақсақал Хәкім Әуезұлына ұмраға жолдама сыйланды. Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Бахтияр Қасымбекұлы да тұрғындарға ізгі тілегін білдіріп, өз атынан мешіт имамы мен игі іске белсенді үлес қосқан жамағат өкілдерін алғыс хаттармен марапаттады.

Жиында ҚМДБ Кеңесшілер кеңесінің мүшесі, «Нұр-Мүбарак» университетінің ұстазы Ерлан Ақатаев мешіттің рухани өмірдегі орны мен маңызы туралы тағылымды уағыз айтып, жамағатқа ой салды.

Мерекелік шарада дініміз бен дәстүріміз қатар дәріптелді. Халыққа танымал ақындар Балғынбек Имаш пен Сырым Әуезханның айтысы көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Дәстүрлі әнші Диас Мұратхан терме орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Күмбірлеген күй мереке сәнін келтіріп, ұлттық өнердің рухын асқақтатты.

Сонымен қатар сұрақ-жауап ойындары ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Ақ тілектер айтылып, шашу шашылған соң, мешіттің ашылу лентасы салтанатты түрде қиылды. Жиналған жұрт жаңарған мешіттің ішін аралап көріп, намаз оқыды. Шара соңында көпшілікке мерекелік дастархан жайылды. Бірлік пен берекенің көрінісіне айналған рухани жиыннан ауыл тұрғындары мен қонақтар ерекше әсермен тарқасты.

Алла Тағала мешіттің құрылысына үлес қосқан барша жанға разы болып, құлшылық ордасы жамағатқа толып, елді имандылыққа, ынтымақ пен ізгілікке ұйыстыратын берекелі мекен болсын!