ҚАРАСАЙДА «ТОЙ – ТӘРБИЕ МЕН ТАҒЫЛЫМ ОРДАСЫ» АТТЫ РУХАНИ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Алматы облысы Қарасай ауданында ұлттық дәстүрді дәріптеу, отбасы құндылықтарын нығайту және той мәдениетінің тәрбиелік мәнін түсіндіру мақсатында әйел-қыздар жамағатына арналған «Той – тәрбие мен тағылым ордасы» атты рухани кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының мәні, отбасылық құндылықтарды сақтау, жастарға өнегелі тәрбие беру және қуанышты сәттерді ізгілік пен берекеге ұластыру мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар, той өткізудегі ысырапшылдықтың алдын алу, қарапайымдылық пен қанағатшылдықты насихаттау, ұлттық болмыс пен діни құндылықтарды сабақтастыра отырып, кейінгі ұрпаққа өнегелі тәрбие беру қажеттігі айтылды.
Рухани кездесудің негізгі мақсаты – әйел-қыздар жамағаты арасында ұлттық тәрбиені дәріптеп, дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту, қоғамда өнегелі әрі ізгі той мәдениетін қалыптастыру.


