ҚМДБ РАНТ МҮШЕСІ ИМАМДАРҒА СЕМИНАР ӨТКІЗДІ
Алматы облысында дін қызметкерлерінің діни білімін жетілдіру және кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында бір күндік семинар өтті. Семинарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі Ерке Исламқұл Иманқұлұлы жүргізді. Оған Алматы облысынан 40 дін қызметкері қатысты. Семинар барысында шариғат мәселелері, неке үкімдері, пәтуаны жеткізудегі жауапкершілік тақырыптары кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, имамдардың діни сауалдарға жауап беру барысында шариғи дәлелдерге сүйенуі, діни үкімдерді дұрыс әрі нақты жеткізуі, пәтуа беруде жауапкершілік танытуы және ҚМДБ-ның діни ұстанымдарын басшылыққа алуы қажеттігі айтылды. Сонымен қатар пәтуаның қоғам өміріне, отбасы құндылықтарына және жамағаттың діни түсінігіне ықпалына тоқталып, имамның әрбір сөзі мен діни тұжырымы үлкен жауапкершілікті талап ететіні атап өтілді. Бір күндік семинар барысында дін қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тақырып аясында пайдалы мағлұматтар алды. Шара соңында семинарға қатысқан 40 имамға арнайы сертификаттар табысталды.


