АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «ИСЛАМ ЖӘНЕ АДАЛ ҚОҒАМ» КІТАБЫН ОҚУ МАРАФОНЫ БАСТАЛДЫ
Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінде «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам және адал қоғам» атты кітабын оқу марафонының ашылу рәсімі өтті. Марафонды Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы ашып, сөз сөйледі. Бас имам кітап оқудың маңызына, рухани білімді жетілдіруге және қоғамда адалдық пен адамгершілік құндылықтарын дәріптеуге тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Шара барысында марафонға қатысушылар тіркеліп, Бас мүфтидің «Ислам және адал қоғам» атты еңбегін оқуды бастады. «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы қоғамда тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, сыни ойлауды дамытуға және халықтың білімге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Осы жоба аясындағы кітап оқу марафоны діни сауаттылықты арттыруға және рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға ықпал етпек.


