preloader

Жаңалықтар

ТАЛҒАРДА «ӘКЕ – ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӘРІС-СЕМИНАР ӨТТІ

ТАЛҒАРДА «ӘКЕ – ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӘРІС-СЕМИНАР ӨТТІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дәстүр және отбасы» бағыты бойынша бекітілген жылдық жұмыс жоспары аясында Алматы облысы Талғар аудандық «Әбу Бәкір ас-Сыддық» мешітінде жас әкелерге арналған «Әке – отбасының тірегі» тақырыбында дәріс-семинар ұйымдастырылды. Тағылымды шараға 30–40 жас аралығындағы азаматтар қатысып, отбасы құндылығы, әкелік жауапкершілік және ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің орны төңірегінде өрбіген насихатқа құлақ түрді.

Дәріс барысында Ислам дініндегі әкенің міндеттері мен жауапкершілігі, бала тәрбиесіндегі әкенің өнегесі, сондай-ақ қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы әке тұлғасы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар қазіргі қоғамдағы әкелік міндеттер мен отбасы тәрбиесіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Кездесу барысында әкенің отбасы алдындағы жауапкершілігі тек материалдық қамтамасыз етумен шектелмейтіні, оның балаға дұрыс тәрбие беріп, көркем мінезімен үлгі болуы маңызды екені атап өтілді.

Шараның негізгі мақсаты – әке институтының қоғамдағы мәртебесін дәріптеу, жас әкелердің діни сауаттылығы мен отбасылық жауапкершілігін арттыру, ұлттық тәрбие мен ислам құндылықтарын сабақтастыра отырып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуге үндеу.