preloader

Жаңалықтар

ҚМДБ төрағасы Шымкент орталық мешітінде жұма уағызын айтты

ҚМДБ төрағасы Шымкент орталық мешітінде жұма уағызын айтты

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Шымкент қаласының орталық «Aq meshit» мешітінде жұма уағызын айтты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы «Ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көру» тақырыбында уағыз айтып, мешіт жамағатын мүбәрак Мәуліт айымен құттықтады.

«Жақсы көру», «сүю» сөздерінің ауқымы кең. Оны біз тек белгілері, нышандары арқылы ғана ұғамыз. Мәселен, «Отанды сүю» деген ұғымға келсек, адам өз Отанына деген сүйіспеншілігі мен ыстық лебізін оның нышандарын сыйлап, қастерлеу арқылы көрсетеді. Дәл сол сияқты Алланың да нышандары (шаъаир) бар. Жаратқанды сүюдің белгісі, жоғарыдағы аятта айтылғандай, Оның елшісіне бағыну. Ал, пайғамбарға бағыну үшін оны тануымыз керек. Оны таныған сәтте ерекше көркем мінезінің алдында бас иіп, оны сүймеу мүмкін еместігін түсінеміз. Бұдан келіп туындайтын нәтиже: Алланы сүю дегеніміз пайғамбарды сүю. Міне, осылайша, пенде Алланы шын мәнінде сүйетіндігін дәлелдейді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жұма намазынан кейін Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.