preloader

Жаңалықтар

Ораза айт – бауырмалдық пен мейірімділіктің нышаны

Ораза айт – бауырмалдық пен мейірімділіктің нышаны

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Құрметті Алматы облысының тұрғындары мен қонақтары!

Баршамызды Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз мадақтар болсын.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы облысы бойынша өкілдігінің және жеке өзімнің атымнан Сіздерді келіп жеткен Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Ораза айт – исламдағы ең қастерлі мерекелердің бірі және ол төзімділік, бауырмалдық пен мейірімділіктің шынайы нышаны. Ислам – бейбітшілік пен жасампаздық діні, ал Ораза айт – соның тағы бір айғағы.

Бүгін мұсылмандар үшін нағыз мереке, әрқайсымыз бұл күнді Алла Тағалаға деген ерекше тағзыммен күттік.

Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза айт күні періштелер жер бетіне түседі де әр жолдың басында тұрып: «Уа, мұсылман қауымы, Раббыларыңа асығыңдар! Сендер түнді намазбен, күндізді оразамен өткізуге бұйырылғанда амал етіп, Раббыларыңа бойсұнғандарың үшін Алла сендерді үлкен сауап пен толассыз нығметке бөлейді. Сол үшін өздеріңе тарту етілген сыйлықтарыңды алыңдар» деп дауыстайды. Ал ораза айт намазын оқып болғаннан кейін бір періште адамдарға былай дейді: «Шүбәсіз жаратқан Раббыларың күнәларыңды кешті. Үйлеріңе Алланың жолынан адаспаған күйде оралыңдар! Расында бұл күн жер мен аспан әлемінде сый-сияпатқа кенелу күні деп аталады» деп айтқан.

Құрметті қауым!

Бүгіннен бастап Ораза күндерін күнделікті өмір алмастырады. Рамазан әрбір адамға имандылық пен рухани кемелдену жолына түсуге мүмкіндік берді. Бұл айда көптеген мүміндер жаман әдеттерден арылып, отбасыларына көбірек уақыт бөліп, түндерін қосымша ғибадатпен өткізді.

Сіздерді осы жетістіктердің барлығын Рамазан айынан кейін де ұстануға шақырамын. Нағыз ораза Рамазаннан кейін басталатынын ұмытпайық.

Жаратушы Иеміз елімізге амандық, халқымызға тыныштық берсін. Осы мерекенің берекесі әр шаңыраққа жетсін деп тілеймін. Әмин!

Мадияр қажы Тағайбайұлы,
Алматы облысының бас имамы