preloader

Жаңалықтар

«Баталы құлға бақ қонар» атты аудандық бата сайысы өтті

«Баталы құлға бақ қонар» атты аудандық бата сайысы өтті

ҚМДБ тарапынан бекітілген бес бағыттың бірі – «Дін мен дәстүр» бағытының жылдық жоспарына сәйкес Алматы облысы Іле ауданы Н. Тілендиев ауылдық «Сманқұл» мешітінің ұйымдастыруымен «Баталы құлға бақ қонар» атты бата сайысы өтті.

Аудандық деңгейдегі шара қасиетті Құран аяттарын оқумен және ақсақалдардың батасымен басталды. Алғы сөзді алған Алматы облыстық мешітінің наиб имамы, өңіріміз бойынша «Дін мен дәстүр» бағытына жауапты маман Ринат Маратұлы көпшілікке Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлының сәлемін жеткізіп, ата дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығы, халқымыздың асыл қазынасының бірі бата беру салтының маңыздылығы туралы айты өтті.

Өз кезегінде Н. Тілендиев ауылдық «Сманқұл» мешітінің имамы Сәкен Еншібайұлы қатысушыларға сайыстың шарттарын түсіндіріп, сәттілік тіледі.

Алматы өңірі мешіттерінің заңгері Дәулетияр Сағитжан, Іле аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлдібекұлы Әмзе ақсақал, Алматы облыстық мешітінің наиб имамы Ринат Маратұлы және Іле ауданының бас имамы Дархан Аманұлы сияқты азаматтардан құралған қазылар алқасы батагөй ақсақалдарға төрелік етті.

Қариялар әр түрлі тақырыпта бата беріп, өзара сайысқа түсті. Әділ қазылар шешімімен ақсақалдар арасынан үздік деп танылып 1 орынға Боралдай кенті Водник-2 ы/а «Арын қажы» мешітінің жамағаты Шәгер Жәнет ақсақал (100.000 тг) ие болса, ІІ орын Н.Тілендиев ауылдық «Сманқұл» мешітінің атынан шыққан Өтегенов Еділ ақсақалға (70.000 тг), ал ІІІ орын Көкқайнар ауылынан келген Айятов Айтбай ақсақалға (50.000 тг) бұйырды.

Сайыс соңында Іле ауданының бас имамы Дархан Аманұлы жиналған жамағатқа алғысын білдіріп, қатысушы барлық ақсақалды алғыс хатпен марапаттап, сыйлықтар табыс етті. Шара соңында көпшілік үшін ақ дастарқан жайылды.

Салт-дәстүріміздің жаңғыруына себепші болған жомарт жандарға, қолдау білдірген демеуші азаматтарға Алла разы болсын. Әмин!