preloader

Жаңалықтар

Қонаев қаласында «7 нүкте» білім беру орталығы ашылды

Қонаев қаласында «7 нүкте» білім беру орталығы ашылды

«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында ҚМДБ тарапынан бекітілген «Діни білім және ғылым» бағыты бойынша жылдық жоспарына сәйкес Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында зағип жандарға арналған «7 нүкте» Брайль үлгісіндегі білім беру орталығы ашылды.

Игі шараға ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлы, Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы, «7 нүкте» Брайль үлгісіндегі білім беру орталығының ұстазы Айнұр Хумарбекқызы, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасайтын орталықтардың өкілдері, зағип жандар және қала тұрғындары қатысты.

Кенжеәлі Қоңыратбайұлы көпшілікке ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, осындай мекемелердің қоғам үшін қажеттілігіне тоқталды.

Өз кезегінде Мақсатбек Мақсотұлы Брайль жүйесі арқылы Құран оқу шет мемлекеттерде дамығанын, Алланың қалауымен осындай орталықтың қазақ жерінде де ашылғанына қуанышты екенін жеткізгеннен кейін, облыс бас имамы Мадияр Тағайбайұлы да жиылған жұртты әлеуметтік мекеменің ашылуымен құттықтады

Осыдан кейін құрметті қонақтар орталықтың ішімен танысып, Брайль жүйесі арқылы дәріс алған бірқатар шәкірттердің Құранға түскенінің куәгері болды.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ашылған «7 нүкте» білім беру орталығының негізгі қызметі – Құран үйренуге деген ықыласты зағип жандарға Брайль жүйесі негізінде дәрістер жүргізу, ҚМДБ бастамасы аясында өзге өңірлерден келген ұстаздарға арнайы курстар ұйымдастыру болып табылады.

Бұдан бөлек, бұл орталықта Брайль қарпімен жазылған кітаптар дайындалады. Қазірдің өзінде «Алланың 99 есімі», «Намаз оқып үйренейік» және «Брайль әліппесі» кітаптары басып шығарылды.