АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖИЫН ӨТТІ
«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Алматы облысында «Ас беру мәдениеті» құжаты негізінде Алматы обылысы бойынша ас мәзірін қабылдау шарасы өтті.
Алқалы жиынға ҚМДБ наиб мүфтиі Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы, Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы, Алматы облысы мәслихатының депутаты Сұлтан Нұрғайыпұлы, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ильяс Сейтбекұлы және білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Күміс Пармашқызы және аудандардан келген ақсақалдар мен имамдар қатысты.
ҚМДБ наиб мүфтиі Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы қазақ халқы ғасырлар бойы күнделікті өмір тіршілігінде, соның ішінде адамның дүниеге келуі мен қайтыс болуына қатысты рухани-діни рәсімдерді орындауда мұсылманға тән мәдениетті ұстанғанын жеткізді. Сонымен қатар «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі» тақырыбында насихат айтты.
«Ас беру кезінде дастарханға көп заттардың қойылуы ысырапқа жол беруге алып келеді. Бұл әрекеттер қоғамның әртүрлі өкілдері, оның ішінде зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен дін мамандары тарапынан жиі-жиі сынға ұшырауда», — деп атап өтті наиб мүфти.
Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы діни рәсімдердің шариғатқа сай орындалуын тәртіпке келтіріп, ас берудің жалпыға ортақ, біріңғай мәдениетін қалыптастыру бойынша облыс тұрғындарына үндеу жолдады. ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық онлайн-форумында қабылданған «Ас беру мәдениеті» мен «Зират және зиярат» құжатын негізге ала отырып насихат жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Осы жұмыстар аясында Алматы облысы бойынша асқа арналған дастархан мәзірінде ұлттық жеті тағам түрі ұсынылды. Әр ауданда ақсақалдар, ардагерлер ұйымы аналар комитетінің қолдауымен өткен жиындардың нәтижесінде аудан және Қонаев қаласының ел ағалары қолдау білдірді. Осы қолдау көрсетілген ас мәзірін облыс бойынша насихаттау жұмыстары жүргізілуіне бір ауыздан келісім білдірілді», — деп атап өтті бас имам.