АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӨКІЛДІГІ 2024 ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазрет жыл басында бағдарлық баяндамасында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялаған болатын. Алматы облысы өкілдігі аталмыш жыл аясында бірқатар ауқымды іс-шараларды жүзеге асырды. Осыған орай, мүфтият бекіткен 5 бағыт негізіндегі жоспарға сай Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы өкілдікке қарасты 1 қала және 9 аудан имамдарының жылдық есебін тыңдап, 2024 жылы атқарылған жұмыс барысын қорытындылады.
Жылдық есеп жиыны қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Әр аудан имамдары мешіттердің жыл бойы атқарған жұмысын жинақтап, орындалу деңгейін слайд арқылы көрсетті. Әр аудан имамы жыл басында жоспарланған жұмыстардың орындалу барысын баяндап, 5 бағыт аясында атқарылған ауқымды іс-шараларының есебін берді.
Алматы облысы имамдарының еңбегі елеусіз қалмады. Табиғи апаттан зардап шегіп, су тасқыны салдарынан қиын жағдайда қалған өңірлерге көмек көрсетуде белсенділік танытқан дін қызметкерлеріне Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы алғыс хатын Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы табыстады.
Дін қызметкерлерін ынталандыру мақсатында «Үздік ауыл имамы» Іле ауданы Водник ықшам ауданының имамы марапатталып, 50 000 теңге сыйақы табысталды. Дәл осындай сыйақымен «Үздік ұстаз» номинациясы бойынша ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторы Алматы облысы бойынша жауапты маманы Нәзерке Әкішқызы марапатталды. ІІІ дәрежелі «Үздік аудан» — Райымбек ауданы, ІІ дәрежелі «Үздік аудан» — Еңбекшіқазақ ауданы, І дәрежелі «Үздік аудан» — Қарасай ауданы жұмыс барысында жоғары нәтиже көрсеткені үшін бағалы сыйлықтар және алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар мүфтият бекіткен 5 бағыт бойынша белсенді қызмет атқарған ауыл имамдары да арнайы алғыс хатпен марапатталды.
«ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазреттің бастамасымен «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияланған биылғы жылда Алматы облысында бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылды. Жылдық жұмыс жоспарын ынтымақ пен бірлікте атқарудағы белсенділіктеріңіз үшін алғыс айтамын. Алдағы жылдарда да халық арасында дәстүрлі исламды дәріптеп, ел руханиятына елеулі үлес қосуға шақырамын», — деп атап өтті бас имам.