ІЛЕ АУДАНЫ: ӘЙЕЛДЕР ЖАМАҒАТЫНА БІЛІМ САЙЫСЫ ӨТТІ
Алматы облысы, Іле аудандық «Сәбденұлы Өтеген батыр» мешітінің ұйымдастыруымен аудан деңгейінде әйел жамағатына «Исламдағы таңдаулы 100 сұрақ» кітабы бойынша білім сайысы өтті.
Сайысқа 130 әйел кісі қатысты. Әуелгі сөзін Іле ауданының бас имамы Дархан Аманұлы алып, білім алудың маңыздылығы жайлы насихат айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Іле ауданы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жауапты маманы Аринова Мариям ұстаз қатысушыларға сайыстың шарттарын түсіндірді. Сайыс тест-сұрақтар арқылы өтті.
Жүзден жүйрік демекші І орынды Іле ауданы, Н.Тлендиев ауылынан Сәрсенқызы Айдана иеленіп, (100 000 тг) ұтып алды. ІІ орын Талғар ауданы, Гүлдала ауылынан Асубаева Мәншүк (70 000 тг) бұйырса, ІІІ орынды Іле ауданы, Н.Тлендиев ауылынан Жаманбай Бибіханифа (50 000 тг) иеленді.
Қатысушылардың барлығына қасиетті Мекке Мәдинадан келген сыйлықтар табысталды. Сайыс соңында жиналған қауымға бата беріліп, дұға жасалды.



