АЛАТАУ ҚАЛАСЫНДА МҰСЫЛМАН ЗИРАТТАРЫН ЦИФРЛАНДЫРУ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ
Алатау қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының “Qamqor-Sharapat” ЖШС Алматы облысы бойынша филиалының директоры Жанабек Кулманов өңірдегі жауапты мамандарға арнайы семинар өткізді.
Шара барысында мұсылман зираттарын цифрландыру, салттық қызмет көрсету жұмыстарын бірізділікке келтіру мәселелері кеңінен талқыланды. Жанабек Күлманов зираттарды заманауи жүйелерге енгізудің маңыздылығын атап өтіп, бұл бастама қоғам игілігі мен рухани құндылықтарды сақтауға бағытталған маңызды қадам екенін жеткізді.
Жиын барысында қатысушыларға зираттарды ретке келтіру, ақпараттық дерекқорлар құру және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, діни рәсімдерді құрметтей отырып, халықпен тығыз байланыс орнату қажеттілігі де назардан тыс қалмады.
Жиын қорытындысында мамандар алдағы уақытта атқарылатын міндеттерді айқындап, бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға дайын екендерін білдірді. Мұндай бастамалар рухани-мәдени құндылықтарды сақтау мен дамытуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.



