preloader

Жаңалықтар

БАЛҚАШ АУДАНЫ: “ДІН ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР” АТТЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

БАЛҚАШ АУДАНЫ: “ДІН ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР” АТТЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Балқаш аудандық спорт кешенінде өткен тағылымы терең шара – «Дін және салт-дәстүр» тақырыбындағы кездесудің жөні бөлек. Бұл жолы руханият пен спорт қатар өріліп, жас ұрпаққа өнегелі сөз, ғибратты ой сыйлады.

Аудандық орталық «Оспанқожа ата» мешітінің наиб имамы Азат Досымбаев жиынның маңыздылығына ерекше тоқталып, дін мен дәстүрдің – егіз ұғым екенін кеңінен баяндады. Имамның айтуынша, ата-бабаларымыз ұстанған ислам діні – ұлттық болмыстың қайнар көзіне айналған. Ал салт-дәстүр – сол діннің жергілікті өрнегі, рухани иірімі.

«Спорт – тәнді шынықтырып қана қоймайды, иманды да бекітеді», – деді имам. Шара барысында жастарға арналған рухани насихат жаттығудан бұрын айтылып, теріс ағымдарға қарсы тұратын иммунитет қалыптастырудың маңызы айтылды. Бұл – жүректі де, сананы да сергек ұстаудың жолы. Кездесу аясында Азат Досымбаев ата-баба мұрасын қастерлеу, тіл мен дінді, тарихты ұмытпау туралы жүрекке жылы сөздер айтып, жастар тарапынан қойылған сауалдарға кеңінен жауап берді. Ол рухани сабақтастықтың алтын арқауын тарқатып, дін мен дәстүрдің үндестігін нақты мысалдармен түсіндірді. Қоғамды бірлік пен ынтымаққа бастайтын құндылықтарды қастерлеу – баршамыздың парызымыз. Осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер арқылы ұрпақ санасына сәуле себілері анық.