preloader

Жаңалықтар

ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

Алланың ақ кәләмі Құранда “Алланың рахметінен үміт үзбеңдер. Ақиқатында Алла барлық күнәларды кешіреді. Шындығында ол Алла – кешірімді, өте мейірімді.” – деп баяндаған.

Аса қамқор, Ерекше Мейірімді Алла тағаланың адам баласына берген үлкен нығметтерінің бірі – Құрбан айт мейрамы. Яғни, Ислам дінінде қастерлі екі мереке болса, соның бірі және ұлығы – Құрбан айт мейрамы.

Үш күнге созылатын осы мереке күндері барша мұсылман қауымы бір-біріне жақсы ниетте болып, ренжіскендер татуласып, адамдар арасында ерекше мейірімділік сезіледі.

“Құрбан” сөзі араб тілінде “жақындау” дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Айт күндері Аллаға жақындау, кешірім тілеу мақсатында орындалатын амал – ол құрбан шалу. Әрине, жақындау тек мал бауыздап, құрбан шалумен ғана шектелмейтіні анық. Бұл құлшылықтағы маңыздысы – ниет ету, жомарттық көрсету, шүкір ету.

Осыған дәлел ретінде айтар болсақ, хадис шәрифте былай делінген:

“Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар”.

Шын мәнінде, Жаратушы Алла тағала біздің шалған құрбандық малымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Құрбандықтың еті немесе қаны Алла тағаланың құзырына жетпейді. Алайда Алланың әмірін орындаудағы ниетіміз ғана Алла тағалаға жетіп, ризашылығына бөленуге себеп болады.

Демек, Құрбан айт мерекесі жұртшылықты қайырымдылыққа, мейірімділікке, ізгілікке үндеп, араздасқандарды татулыққа шақыратын, қоғамды біріктіретін рухани мейрам.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл күні адамдарға: Уа, адамдар, бұл күні сәлемді жайыңдар, (мұқтаждарды) тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер», – деп айтқан.

Талғар ауданы тұрғындарын осы мерекемен құттықтай отырып, Алла Тағала келе жатқан қасиетті құрбан айт мерекесін баршаларымызға мүбарак етіп, шалатын құрбандықтарымызды, атқаратын ізгі амалдарымызды хайырлы етсін деп тілеймін.

Осы орайда, ауданымыздағы кәсіпкерлерді, мал сатушы саудагерлерді мал құнын қолдан көтермей, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын.

Талғар ауданының Бас имамы

Қаби Ринат Маратұлы