Алатау қаласында жерлеу мәдениеті бойынша семинар өтті
2025 жылғы 23 маусымда Алатау қаласы, Арна шағын ауданындағы мешітте «QAMQOR-SHARAPAT» ЖШС-нің Алматы облысы филиалы ұйымдастырған арнайы семинар өтті. Іс-шараға облыс бойынша жерлеу қызметі саласында жауапты мамандар мен мешіт имамдары қатысты.
Семинарға жетекшілік еткен аталмыш серіктестіктің Алматы облысы филиалының директоры Жанабек Амантайұлы қоғамдағы жерлеу рәсімдерінің бірізділігін сақтау, ысырапшылдықты болдырмау және діни-әлеуметтік сауаттылықты арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Жиын барысында төмендегідей өзекті тақырыптар кеңінен талқыланды:
Қонақасы беру дәстүріндегі шектен тыс ысырап пен даңғойлыққа жол бермеу;
Жерлеу рәсімдерін қарапайым, шариғатқа сай өткізу;
Қабірлерді жүйелеп, зиратты бірізділікпен ретке келтіру;
Алдағы уақытта “QAMQOR-SHARAPAT” салттық қызмет көрсету орталығын салудың маңыздылығы.
Семинар барысында қатысушылар бұл бастамалардың қоғам үшін аса қажетті әрі өзекті екенін атап өтіп, дініміздегі қарапайымдылық пен сабырлылық қағидаларын ұстанудың маңызын жеткізді.
Іс-шара соңында нақты ұсыныстар қабылданып, алдағы уақытта атқарылатын ортақ жұмыстардың бағыты айқындалды. Мұндай кездесулердің жиі өткізіліп тұруы – қоғамда шариғи талаптарға сай саналы көзқарас қалыптастыруға өз септігін тигізбек.



