preloader

Жаңалықтар

Алатау қаласында мешіт құжаттарын реттеуге арналған семинар өтті

Алатау қаласында мешіт құжаттарын реттеуге арналған семинар өтті

Семинарға Алматы облысы бойынша мешіт істеріне жауапты маман Дәуренбек Жандосұлы арнайы қатысып, қатысушыларға мешіт құжаттарын реттеу мәселелері бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бұл жиынның басты мақсаты – Алатау қаласы аумағындағы мешіттердің құқықтық және әкімшілік құжаттарының талаптарға толықтай сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ тіркеу және меншік мәселелерінде жиі кездесетін қателіктердің алдын алу. Семинар аясында мешіттердің жер теліміне қатысты құжаттары, ғимараттың меншік нысаны, техникалық төлқұжаттар, санитарлық нормалар мен өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келуі, салықтық және заңдық рәсімдердің дұрыстығы сынды маңызды бағыттар кеңінен талқыланды.
Дәуренбек Жандосұлы өз баяндамасында қазіргі таңда мешіттердің заңмен реттелуі аса өзекті екенін атап өтіп, әрбір мешіттің заң алдындағы мәртебесі айқын әрі нақты болуға тиіс екенін жеткізді. Ол сонымен қатар, діни нысандардың мемлекеттік органдармен байланысы, құжаттардың бірыңғай тәртіппен жүргізілуі, ҚМДБ-ның орталықтандырылған құрылымына сәйкестігі жөнінде нақты мәліметтер келтірді. Мешіт құжаттарының реттелмеуі діни қызметтің алдағы уақытта кедергіге ұшырауына, тіпті, кейбір жағдайда заң аясында қиындықтарға алып келу қаупін де ескертті.

Семинарға Алатау қаласында қызмет етіп жатқан мешіт имамдары, наиб имамдар, молдалар мен жауапты дін қызметкерлері қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Практикалық мысалдар мен нақты оқиғалар арқылы түсіндірілген тақырыптар қатысушыларға пайдалы ақпарат беріп, құжаттық тәртіпті реттеудің маңыздылығын тереңірек ұғынуға себеп болды.

Семинар соңында қатысушылар бұл бастаманың аса қажет екенін айтып, осындай ақпараттық кездесулердің жиі өтіп тұруын сұрады. Дін қызметкерлерінің құжаттық сауаттылығын арттыру – мешіттердің тұрақты әрі заңды жұмыс істеуінің кепілі екені тағы да айқын көрінді.