БОРАЛДАЙ КЕНТІНДЕ “БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ЕЛ КЕЛЕШЕГІ” АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Боралдай кентіндегі “Арын қажы” мешітінде имамдардың ұйымдастыруымен, сол мешіттің жамағатының жұмылуымен “Мектепке жол” қайырымдылық шарасы өтіп, мұқтаж отбасылар мен көп балалы аналарға жәрдем ретінде оқу құралы жабдықтарымен толтырылған мектеп сөмкелері таратылды. Мешітке келген аналар мен келіндерге Боралдай кенті аналар кеңесінің төрайымы Мархаба апамыз өсиетін айтып, көп балалы шаңырақта береке барын ескертті. Іле ауданының бас имамы Дархан Аманұлы көп балалы отбасының дініміздегі ерекше орны мен мәртебесі туралы насихат айтып, хадистерді дәлелге келтірді. Балаларына жабдықтай сыйлық алған көп балалы ана Гүлжазира барлық келіндердің атынан мешітке алғысын білдірді. Жалпы саны 260 сөмке таратылып, жамағаттың көмегімен 2 600 000 тг. жұмсалды.
Шара соңында “Арын қажы” мешітінің бас имамы А.Сейітұлы балалар мен оның аналарына өз батасын берді.



