Алматы облысы бас имамы Үшқоңыр медресе-колледжіне іссапармен барды
Алматы облысының бас имамы Пірімқұлов Мадияр Тағайбайұлы Қарасай ауданында орналасқан Үшқоңыр медресе-колледжіне іссапармен барып, шәкірттермен кездесті.
Кездесу барысында бас имам ең алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жаңа оқу жылы қарсаңындағы құттықтау сәлемін жеткізіп, шәкірттерге сапалы білім алып, білікті маман болып қалыптасуларына тілектестік білдірді.
Мадияр қажы өз сөзінде биыл Алматы облысы әкімдігі тарапынан 63 қыз балаға және 37 ұл балаға арнайы грант бөлінгенін атап өтті. Бұл – жастардың діни білім алуына жасалған үлкен қолдау екенін ерекше айтты.
Бүгінгі таңда Үшқоңыр медресе-колледжінде 4 курста 400-ден астам шәкірт білім алуда. Оның ішінде 126 ұл бала және 274 қыз бала тәлім-тәрбие алуда.
Сапар барысында бас имам медресенің оқу ғимараты мен материалдық-техникалық базасымен де танысты. Оқу орны ішкі-сыртқы жағынан күрделі жөндеуден өтіп, оқу бөлмелері мен ақпараттық стендтер жаңартылған. Бұл жағдайлар білім сапасын арттыруға оң ықпал ететіні атап өтілді.
Өз кезегінде Үшқоңыр медресе-колледжінің директоры Мәди Ахметбекұлы облыс әкімдігі мен ҚМДБ тарапынан көрсетіліп келе жатқан қамқорлық пен қолдау үшін алғысын білдірді.



