Алматы облыстық орталық Қапшағай мешітінде жұма уағызы өтті
Бүгін Алматы облысы, “Қапшағай” орталық мешітінде Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлы Сейтбеков жұма уағызын жүргізді.
Уағыз барысында ұстаз «Пара берудің және жемқорлықтың зардабы» тақырыбында сөз қозғап, қоғамдағы әділдік пен адалдықтың маңызына тоқталды. Ол парақорлықтың дінімізде үлкен күнә екендігін, сондай-ақ оның қоғамның берекесіне, адамдардың сеніміне және елдің дамуына зиян тигізетінін атап өтті.
Смайыл ұстаз жамағатты адал еңбек етуге, әділетті болуға және қоғамдағы әрбір ісінде жауапкершілікті сезінуге шақырды. Сондай-ақ, жемқорлықтан аулақ болу – имандылықтың, әрі елге деген шынайы жанашырлықтың белгісі екенін жеткізді.
Жұма намазына жиналған жамағат уағыздан тағылым алып, елімізде әділдік пен парасаттылық құндылықтарын нығайтуға үлес қосу қажеттігін сезінді.



