preloader

Жаңалықтар

Қонаев қаласында имамдарға арналған семинар өтті

Қонаев қаласында имамдарға арналған семинар өтті

Алматы облыстық Қапшағай мешітінде имамдардың білімін жетілдіру мақсатында семинар өтті. Жиынның сөз басын Алматы облысының Бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы бастап, қатысушыларға қайырлы ілім мен берекелі қызмет тіледі.

Басқосу барысында “Жат ағымның шығу тарихы” тақырыбы жан-жақты түсіндіріліп, дін қызметкерлеріне теріс ағымдардың шығу себептері мен олардың қоғамға тигізер зардабы жөнінде кеңінен мағлұмат берілді.

Семинарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиінің кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлы Сейтбеков жүргізді. Ол жат ағымдардан сақтанудың жолдары мен дұрыс діни білімнің маңыздылығына тоқталып, имамдарға жауапкершілікті арттырудың мәнін түсіндірді. Сонымен қатар ұстаз қатысушыларға әділетті халифалардың өмір тарихынан тағылымды дәріс оқып, олардың басқарудағы әділдігі мен парасаттылығын бүгінгі күнмен сабақтастыра баяндады.

Семинарға Алматы облысына қарасты аудан имамдары, наиб имамдар және діни оңалту бағытына жауапты имамдар қатысты. Жиын барысында олар пікір алмасып, діни сауалдарына жауап алды.

Ұйымдастырылған шара дін қызметкерлерінің білімін толықтыруға, қоғамда дұрыс діни түсінікті қалыптастыруға бағытталды. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.