Ұйғыр ауданында «Пәтуа сағаты» өтті
Алматы облысы, Ұйғыр ауданында «Пәтуа сағаты» өтті. Шараға Алматы облыстық Қапшағай мешітінің наиб имамы, облыстық өкілдік бойынша «Шариғат және пәтуа» бөлімінің жауапты маманы Курбанов Бауыржан Омарұлы арнайы келіп қатысты.
Кездесу барысында жамағатқа күнделікті өмірде жиі кездесетін діни мәселелер бойынша түсіндірмелер жасалды. Әсіресе неке тақырыбына байланысты пәтуалар кеңінен талқыланды. Діни тұрғыдан некенің шарттары, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен жауапкершіліктері, отбасылық татулықты сақтаудың жолдары жайында түсіндірме берілді.
Имам қатысушылардың сұрақтарына нақты жауап беріп, шариғатқа сай дұрыс шешім ұсынудың маңызына тоқталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай «Пәтуа сағаттары» халықтың діни сауатын арттырып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен отбасы құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.



