preloader

Мақалалар

БАЛАҒА ЕСІМ ҚОЮ – АТА-АНАНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

БАЛАҒА ЕСІМ ҚОЮ – АТА-АНАНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Ұрпақ тәрбиесі – қай қоғамда да маңызын жоймайтын өзекті мәселе. Дүниеге келген сәбидің болашағына алаңдап, оның иманды, тәрбиелі, елге пайдалы азамат болып өсуін тілеу – әрбір ата-ананың жүрек түкпіріндегі ізгі арманы. Осы жауапкершіліктің алғашқы қадамының бірі – балаға жақсы есім таңдау. Қазақ халқы «Жақсы ат – жарым ырыс» деп, есімнің мән-маңызына айрықша көңіл бөлген. Бабаларымыз перзентіне ат қойғанда оның мағынасына, тәрбиелік сипатына және болашаққа деген ақ тілегіне баса назар аударған. Бұл үрдіс халқымыздың ұлттық дүниетанымымен қатар, Ислам дінінің өнегелі ұстанымдарымен де үндеседі.

Есім – адамға берілген аманат

Ислам діні адам баласының қадір-қасиетін жоғары бағалап, оның дүниеге келген сәтінен бастап жақсы тәрбие алуына ерекше мән береді. Соның ішінде балаға көркем есім таңдау да мұсылмандық әдептің маңызды бөлігі болып саналады. Алла Елшісі Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде жақсы есімдердің артықшылығы баяндалған. Имам Мүслім риуаят еткен хадисте Алла Тағалаға ең сүйікті есімдер Абдулла мен Абдуррахман екені айтылған. Бұл – есім таңдауда оның мағынасы мен мазмұнына мән берудің маңызын көрсетеді. Сондықтан ата-ана баласына жақсы мағыналы, ізгілікке үндейтін, мұсылмандық құндылықтарға қайшы келмейтін есім бергені жөн. Бүгінде кейбір ата-аналар баласына есім таңдауда оның сәнді естілуіне немесе өзгелерден ерекшеленуіне көбірек мән беріп жатады. Алайда есімнің әдемі дыбысталуы ғана емес, оның мағынасы да маңызды. Өйткені жақсы мағыналы есім – перзентке көрсетілген құрмет әрі ата-ананың ақ тілегінің көрінісі.

Азан шақырып ат қою – рухани тәрбиенің бастауы

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде Ислам дінімен сабақтасып қалыптасқан игі дәстүрлер аз емес. Солардың бірі – нәрестеге азан шақырып ат қою рәсімі. Әдетте сәби дүниеге келген соң ата-анасы мен отбасы үлкендері ақылдаса отырып, оған лайықты есім таңдайды. Кейін әулеттің үлкені немесе дін қызметкері нәрестенің оң құлағына азан айтып, есімін жария етеді. Бұл рәсім халқымыздың діни танымы мен рухани мәдениетінде ерекше орын алады. Азан шақырып ат қою – сәбидің өмірі имандылықпен сабақтасып, жақсылыққа бастасын деген ізгі ниеттің белгісі. Ата-ананың перзентіне арнаған алғашқы дұғасы мен тілегінің де мәні осында. Дегенмен бұл рәсімнің үкіміне қатысты хадистердің сенімділігі жөнінде ғалымдар арасында әртүрлі пікір бар. Сондықтан азан шақырып ат қоюды міндетті амал ретінде емес, халқымызда қалыптасқан игі дәстүр ретінде түсінген дұрыс. Ең бастысы, сәбиге жақсы есім беру, оның амандығын тілеп дұға жасау және иманды тәрбие көрсету – ата-ананың асыл міндеті.

Қазақы ғұрып пен Ислам әдебінің үндестігі

Қазақ халқы балаға ат қоюды үлкен жауапкершілікпен қараған. Бұрындары бұл міндет елге сыйлы ақсақалдарға, батагөй қарияларға немесе әулеттің үлкендеріне тапсырылған. Себебі халқымыз үлкеннің батасын алып, ақ тілегін естуді ерекше құрметтеген. «Атыңа затың сай болсын», «Елге тұтқа болар азамат бол», «Иманды ұрпақ бол» деген баталы сөздер жас сәбиге деген ізгі ниетті білдірген. Бұл дәстүрдің астарында терең тәрбие жатыр. Өйткені балаға есім беру – оның болашағына бағытталған ақ тілек қана емес, ата-ананың ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезінуі. Ислам діні де ата-ананы перзентіне жақсы тәрбие беруге, көркем мінез қалыптастыруға, адалдық пен адамгершілікке баулуға шақырады. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық салт-дәстүріміз бен асыл дініміздің құндылықтары бір арнада тоғысады. Перзент – Алланың ата-анаға берген аманаты. Оған жақсы есім беру, көркем тәрбие көрсету, имандылық пен ізгілікке баулу – сол аманатқа деген адалдықтың белгісі. Сондықтан балаға ат таңдағанда оның мағынасына мән беріп, ұлттық болмысымыз бен діни құндылықтарымызды басшылыққа алғанымыз жөн. Өйткені ұлттың болашағы – тәрбиелі ұрпақта, ал тәрбиелі ұрпақтың қалыптасуы отбасындағы ізгі өнегеден басталады. Алла Тағала әрбір шаңыраққа иманды ұрпақ нәсіп етіп, сәбилеріміздің ғұмырын берекелі, болашағын жарқын етсін! Перзенттеріміз ата-анасының мақтанышы, елінің абыройлы азаматы болсын! Әмин!

 

Қуаныш Жұмаханұлы

Қарасай ауданының бас имамы