preloader

Мақалалар

Дін мен дәстүр бірлігі – берік отбасының негізі

Дін мен дәстүр бірлігі – берік отбасының негізі

Қазақ халқының өмір салты мен дүниетанымында дін мен дәстүр – егіз ұғым. Екеуі де ұлттың рухани тірегі, адамгершілік пен ізгіліктің бастауы. Ұлттың мәңгілік болмысы салт-дәстүрінде сақталып, дін арқылы терең рухани мәнге ие болады. Ал осы екі құндылықтың тоғысар тұсы – отбасы. Өйткені отбасы – адам тәрбиесінің алғашқы мектебі, ал тәрбие – ұлт болашағын айқындайтын басты өлшем.

Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында ислам дінімен үйлескен әдет-ғұрыптар молынан кездеседі. Бала дүниеге келгенде есім қою, сүндетке отырғызу, неке қию, марқұмды арулап шығару – барлығы да шариғат қағидаларымен ұштасқан салт-дәстүрлер. Бұл – халқымыздың дінді тек ұстанып қана қоймай, тұрмыс-тіршілігіне, мінез-құлқына сіңіре білгенінің айқын дәлелі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына мейірімді болғандарың» деген. Бұл хадис қазақтың «Отан – отбасынан басталады» деген ұлағатты сөзімен үндесіп, отбасының дін мен дәстүр сабақтастығының қасиетті ұясы екенін көрсетеді.

Қазақ отбасында үлкенге құрмет, кішіге ізет – басты қағида. Бұл – исламдағы «үлкенге – ізет, кішіге – мейірім»қағидасымен толық сәйкес. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан бұл жазылмаған заң – ұлттық тәрбиенің сарқылмас қайнар көзі. Әке – отбасының тірегі, ана – мейірім шуағы, ал бала – ұлттың үміті.
Сондықтан ата-ананы қадірлеу, отбасылық татулықты сақтау – иманның да, ұлттық намыстың да белгісі. Қазақ «Қонақ күтпегеннің ырысы өшеді, қариясын сыйламағанның тынысы өшеді» деп бекер айтпаған. «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер» деген ұстаным арқылы халқымыз тектілікті сақтап, отбасын қасиетті санап келген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Баланы жастан» деген нақылдар да тәрбиенің бастауы – отбасы екенін айғақтайды. Ұрпақты адалдыққа, шыншылдыққа, еңбекқорлыққа, мейірім мен ізгілікке баулу – әр ата-ананың міндеті.
Сондай-ақ, бабаларымыздың «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген өсиеті әрдайым жадымызда болуы тиіс.

Бүгінде жаһандану дәуірі ұлттық болмысты сынға салуда. Шетелдік мәдениетке еліктеу, әлеуметтік желідегі теріс ықпалдар жастар санасына әсер етіп, отбасылық құндылықтарды әлсіретуде. Осындай кезеңде дін мен дәстүр сабақтастығын сақтау – ұлттық қауіпсіздіктің рухани негізі. Себебі тамыры терең, рухы биік ел ғана уақыт сынынан сүрінбей өтеді. Мешіттер мен медреселер, мектептер мен отбасылар бірлесе жұмыстанып, жастар бойына имандылық пен ұлттық тәрбиені сіңірсе – қоғамда тұрақтылық та, мейірім де арта түседі. Дін – жүректің нұры, дәстүр – халықтың жаны.
Қазақ халқының бүкіл болмысы осы екі ұғымның үйлесімінде қалыптасқан. Отбасындағы ынтымақ, сүйіспеншілік, сыйластық – дін мен дәстүрдің көркем көрінісі. Сондықтан әр отбасы рухани құндылыққа сүйеніп, баласын имандылық пен ізгілікке тәрбиелесе – ел болашағы нұрлы болмақ.

Алла Тағала әр шаңыраққа береке, халқымызға тыныштық, елімізге амандық нәсіп етсін!

Талғар қаласы «Биеке батыр» мешітінің имамы
Қасымхан Қалдыбайұлы